Баяғыда бір кісі көп жыл құрылыс саласында қызмет атқарған екен. Зейнет жасына келгенде бастығына келіп: «Басеке, менің зейнетке шығатын уақытым келді, рұқсат болса мен жұмыстан шығайын, өтінішіме қол қойып беріңіз», – дейді.
Сонда бастығы: «Әрине, зейнетке шығасыз. Бірақ бір шартым бар. Әлі салына қоймаған бір үй бар еді, соны салып, бітіріп берсеңіз, рұқсат», – деп жауабын келте қайырады.
Әлгі қария амалдың жоғынан үйді аз күнде бітіріп, үйдің кілтін бастығына берсе, бастығы өзіне қайтарып береді. Бұған таң қалған ақсақал: «Басеке, мұныңыз қалай?» – дейді. Сол кезде бастығы: «Ақсақал, негізі бұл сіздің үйіңіз, енді бұл үйде өзіңіз тұрасыз», – деп жауап қайтарады. Бастығынан мұндай жауапты күтпеген әлгі қария: «Қап, өзімнің үйім болатындығын білгенімде бар мүмкіндікті пайдаланып, зәулім сарай салып алатын едім ғой», – деп өкініп қалды.
Осы бір мысалдан алатынымыз, біздің әрбір жасаған құлшылығымыз, намазымыз, ғибадатымыз өзіміз үшін. Ертеңгі күні олардың жемісін өзіміз көреміз. Сондықтан да «Бұл дүние – ақиреттің егіндігі» деп бекерден бекер айтылмаса керек.