Ізгі ұрпақ сұрап дұға ету Ислам дінінде бала тәрбиесі жақсы жар таңдаудан бастау алатыны айтылды. Демек, ер адам өмірлік жолдасын таңдағанда, оған тек жар ретінде ғана емес, өзінің келешек ұрпағының, бала-шағасының тәлімгері, тәрбиешісі деп те назар аударуы тиіс. Ал енді бір жұп отбасын құрғаннан кейін қандай мәселелерге көңіл бөлуі керек? Жас жұбайлар ақ некесін қиып отбасылық өмірдің табалдырығын аттай салып, бала болашағын ойластыру жайлы Ислам діні не дейді? Бала тәрбиесі тұрғысынан сол мәселені қозғамақпыз. Жалпы, ерлі-зайыпты шаңырақ көтерген күнінен бастап бала тәрбиесінің қамына кіріскені абзал. Себебі, бала тәрбиесінде жүктілікке дейінгі кезең де өте маңызды. Ислам діні бұл кезең жайлы ерлі-зайыптыларға анық бағыт-бағдар көрсеткен. Мысалы, Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) бір хадисінде: «Жұбайларыңа жақындайтын кезде «بِسْمِ اللَّهِ اللَّهُمَّ جَنِّبْنَا الشَّيْطَانَ وَجَنِّبْ الشَّيْطَانَ مَا رَزَقْتَنَا» «Бисмилләһ, Раббым, мені шайтаннан, ал шайтанды бізге нәсіп ететін перзенттен алыстата гөр!» – деп дұға етсе, содан кейін Алла оларға перзент нәсіп етсе, шайтан ол балаға ешқашан жамандық жасай алмайды», – деп баяндайды. Демек, ұл-қызымыздың иманды, адал ниетті, көркем мінезді, парасатты болуын қаласақ, жұбайлық өмірдің алғашқы күнінен-ақ оған көп мән беруіміз керек. Бұл ерлі-зайыптылардың әрбір әрекеті, әрбір сөзі болашақ баланың тәрбиесіне әсер етеді деген сөз. Бұл бір. Екіншіден, болашақ ата-ананың әрбір ішкен-жегенінің адал болуының пайда болатын бала өміріне әсері бар. Күллі жан-жануардың өзі ұрпақ қамына кірісерде судың тұнығын ішіп, шөптің асылын жеуге тырысатынын ғалымдар бүгінде зерттеп үлгерген. Ал енді ең көркем үлгіде жаратылған адам баласы өмірін жалғастырар ұрпағының келешегі үшін шариғатымыз бұйырған адал асты ішіп-жеуі керектігі сөзсіз. Осы бір мәселені ерекше айта кеткім келеді. Ал енді кейбір тойларда арақ-шарап судай ішіліп, екі жасқа да ұсынылып жатады. Бұл уланған ұрпақтың дүниеге келуіне себеп. Бұл біздің өз болашағымызға өз қолымызбен балта шабуымыз. Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) бір хадисінде ішке түскен бір түйір харам азықтың қырық күн бойы адам денесінен кетпей қанында айналып жүретіні сөз болған. Бұл, шариғатымыз харам еткен азық адам ұрығына да әсер етеді деген сөз. Ал тек адал аспен қоректенетін ата-аналардың перзенті де таза болары анық. Шәкәрім атамыздың: «Құдай таза жаратты, сен таза бол» дегені де осыны аңғартады. Үшінші бір маңызды нәрсе – Алла тағаладан ізгі ұрпақ тілеп жалбарыну. Дінімізде Аллаға жалынып, дұға етудің орны орасан. Өйткені дұға – мүминнің қаруы, дiннiң тiрегi, аспан мен жердiң нұры. Құран кәрімге қарап отырсақ, адамзат тарихында өткен пайғамбарлардың көпшілігі Алла тағаладан жақсы перзент сұрап дұға жасаған. Мысалы, Зәкәрия (а.с.): «Раббым, маған пәк ұрпақ нәсіп ете гөр! Күмәнсіз, сен дұғаны естушісің!» деп дұға еткен.АлИбраһим пайғамбар (а.с.): « رَبِّ هَبْ لِي مِنَ الصَّالِحِينَ » «Уа, раббым, маған салиқалы ұл бере гөр» деп дұға жасаған. Алла тағала оны қабыл етіп, пайғамбар болатын, өте ықыласты Исмайылды нәсіп етеді. Кейінен осы әкелі-балалы пайғамбарлар Қағбаны салып бітіргенде, былай деп дұға жасағаны тағы бар: «Уа, Раббымыз! Бізді Саған бас иетіндерден қыла гөр! Ұрпағымыздан саған бағынатын үмбет шығара гөр!». Енді қарап отырсақ, Ибраһим пайғамбардың (а.с.) ұрпағынан жүздеген пайғамбарлар шықты. Исмайыл пайғамбардың ұрпағынан адамзаттың асылы – Мұхаммед пайғамбар (с.ғ.с.) дүниеге келді. Біз, қазақ халқы, қазірге дейін кімнің милләті екенімізді деп сұрағандарға: «Ибраһим пайғамбардың милләтімін» деп жауап беретініміз осыдан. Сондай-ақ Ибраһим пайғамбардың (а.с.): رَبِّ اجْعَلْنِي مُقِيمَ الصَّلَاةِ وَمِن ذُرِّيَّتِي ۚ رَبَّنَا وَتَقَبَّلْ دُعَاءِ «Уа, Раббым, мені және ұрпағымды намазын тастамай оқитындардан ете гөр! Уа, Раббым, осы дұғамды қабыл ете гөр!»1 – деп діндар ұрпақ тілегені де бар. Жинақтай келе айтарымыз, шариғатымыз балаға туылмай жатып мән беруге шақырады. Жақсы жар таңдаудан бастайды. Қыз баланың «мен кейін ана боламын» деп, ұл баланың мен кейін әке боламын деп өздерінің жанын, тәнін таза ұстауын қосатын болсақ, онда бұл мәселе одан да тереңдей түседі. Бала дүниеге келгеннен соң атқарылар шаралар өз алдына бөлек әңгіме. Алла тағала баршамызға пәк ұрпақ нәсіп етсін! 1 «Ибраһим» сүресі, 14/40.

Теги других блогов: бала тәрбиесі Ислам діні қамын